Қазақстанда игі істер марафоны басталды

волонтер
Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі «Ұлттық волонтерлер желісі» ЗТБ-мен бірлесіп, «Игі істер марафоны» жобасының басталғанын хабарлайды. Бұл бірегей жоба барлық қазақстандықтардың волонтерлік, қайырымдылық іспен айналысуына ықпал етеді. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі мәлім етті. 

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында халқымыздың қанына жанашырлық, қамқорлық, бауырмалдық сияқты асыл қасиеттер сіңгенін атап өтті. 

Ұйымдастырушылар «Игі істер марафоны» халықтың жанашырлық қасиеттерін көпке насихат етіп, аталған сөздердің жарқын дәлелі болатынына сенім білдіреді.

«Жоба аясында күнтізбедегі маңызды күндерге, халықаралық және түрлі әлеуметтік және мәдени тақырыптарға арналған „Жақсылық апталығы“ мен жыл сайынғы тақырыптық іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр. Тақырыптардың атауы жыл сайын өзгеріп отырады, бұл әлеуметтік жауапкершіліктің түрлі салаларына қызығушылықты арттыра отырып, өзекті мәселелердің алуан түрлілігі мен кең ауқымын қамтиды. „Игі істер марафонының“ осы аптасы экологияға арналады. Жобаға қатысу үшін жасаған игі іс туралы әлеуметтік желілерде ақпарат жариялап, Qazvolunteer.kz онлайн платформасында тіркеуден өту қажет», - делінген хабарламада.

Марафон қорытындысы бойынша, ең белсенді қатысушылар алғыс хаттармен және естелік сыйлықтармен марапатталады. Жобаға қатысу үшін толық ақпарат пен нұсқаулықты Qazvolunteer.kz сайтынан алуға болады және әлеуметтік желідегі @kz_nvs және @qazvolunteer.kz парақшаларынан таба аласыздар.

Соңғы жаңалықтар