Қазақстанда индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асырудағы негізгі күш өңірлерге түсетін болады - Елбасы

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстанда индустрияландыру жұмысы жалғасатын болады. Оны жүзеге асыруда негізгі жүктеме өңірлерге түседі. Мемлекет қаражат, несие бөлуде. Берілген қаржыны толық игеріп, кәсіпорындарды дер кезінде іске қосу әкімдердің міндеті болып табылады», - деп атап көрсетті Н.Назарбаев.
Президент бірлескен жұмыс, қазақстандықтардың жұмылуы өз жемісін беріп жатқанын баса айтты. «Бұл соңғы нәтижеде халқымыздың өмірінің жақсаруына алып келеді. Осылайша біз дағдарыстан кейінгі секіріске дайындалудамыз. Бұл бастамасы ғана, алда ауқымды жұмыстар күтіп тұр», - деді Елбасы. Мемлекет басшысы қазіргідей күрделі әлемдік қаржы дағдарысы жағдайында қазақстандықтар мойымауы тиістігін, елімізде қарқынды даму үшін барлық мүмкіндіктер барын айтты. «Бүгін, Астана күні қарсаңында өңірлерде 20 кәсіпорын іске қосылды. Жыл соңына дейін 80 өндіріс ашылады. Ал негізгі өндірістердің іске қосылуы 2010-2011 жылдарға келеді. Біздің индустриялық-инновациялық бағдарламамыз жұмыс істеп жатыр. Еліміз бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бұл жұмыстарды ілгерілетуде Үкімет, тиісті министрліктер, ұлттық компаниялар, өңірдегі әкімдер үлкен рөл атқарады», - деді Мемлекет басшысы.