Қазақстанда индустриялық даму бойынша республикалық біртұтас басқару орталығы құрылады
А. Ақпанның 9-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Қазақстанда Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бойынша республикалық біртұтас басқару орталығы құрылатын болады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Индустрия және сауда министрі Әсет Исекешев мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, аталмыш орталықты Премьер-Министр Кәрім Мәсімов басқаратын болады. Штаб бастығының бірінші орынбасары Үкімет басшысының бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев болады.
«Қазір аталмыш бұйрықтың жобасы келісіліп жатыр. Таяу уақытта оған қол қойылатын болады. Бұйрық жобасының аясында инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысын бақылау жөніндегі өңірлік басқарушы орталықтар құрылады. Барынша маңызды ірі жобалар бойынша арнайы жобалық топтар құрылмақ. Оларды министрлер, мемлекеттік холдингтердің және ұлттық компаниялардың басшылары басқарады. Республикалық басқару орталығының отырысын айына бір мәрте өткізу жоспарланып отыр. Онда тиісті жауапты органдар және ұлттық компаниялар басшыларының есептері тыңдалатын, сондай-ақ жобалардың нәтижелері туралы ақпараттар ұсынылатын болады», деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, республикалық басқару орталығының 2010 жылғы маңызды міндеті - ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында жоспарланған жобалардың іске қосылуын қамтамасыз ету. Екінші міндеті - жыл соңына дейін жоспарланған жобалардың іске қосылуын қамтамасыз ету. Ал, үшінші міндеті - 2010 жылға жоспарланған жаңа жобалардың құрылысын бастау. «Тәуелсіз сарапшыларды және бизнес қоғамдастықты тарта отырып әрбір жобаға нақты мониторинг жасау үшін шаралар қабылданатын болады. Тәуелсіз сарапшы ретінде «Даму» қорын, сондай-ақ «Атамекен» ұлттық экономикалық палатасының мамандарын тарту көзделіп отыр», деді Ә. Исекешев.