Қазақстанда инфекциялық емес созылмалы ауруларға шығындардың өсуі байқалады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда денсаулық сақтау саласында инфекциялық емес созылмалы ауруларға бөлінетін шығындардың өсуі байқалады.
Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі қоғамдық денсаулық сақтау қызметін қалыптастыру болып табылады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының анықтамасы бойынша қоғамдық денсаулық сақтау - бұл қоғам қабылдайтын, ұйымдастырылған іс-қимыл арқылы аурулардың алдын алу, өмір сүруді ұзарту және денсаулықты нығайту жөніндегі ғылым мен тәжірибе. Қазақстанның қоғамдық денсаулық сақтау моделі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы айқындаған қоғамдық денсаулық сақтаудың негізгі он шұғыл функциясының шеңберінде құрылатын болады. Бұл он функция Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына барлық мүше мемлекет ұсынатын халыққа арналған бүкіл қызметтің пакетін қамтиды»,-деді министр.
Ведомство мәліметіне қарағанда, оның үлгісі Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы белгілеген қоғамдық денсаулық сақтаудың 10 негізгі жедел қызметтерінің төңірегінде жасалатын болады. Бұл ретте тұрғындардың денсаулығы мен тұрмыс жағдайын эпидемиологиялық қадағалау; шұғыл жағдайлардың адам денсаулығы үшін қауіптілігіне мән беру, мониторинг жүргізу; қауіпсіз қоршаған ортамен, еңбекпен, азық-түлікпен қамтамасыз ете отырып, денсаулықты қорғау; стратегиялық басшылық; білікті кадрлармен қамтамасыз ету; тұрақты ұйымдастыру құрылымдарымен қамтамасыз ету; ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, коммуникация және әлеуметтік жұмылдыру; зерттеу шараларын дамыту болып табылады.
Елжан Біртановтың сөзіне қарағанда, соңғы жылдары Қазақстанда жалпы шығындардың 95-96 пайызын құрайтын инфекциялық емес созылмалы ауруларға бөлінетін шығындардың өсуі байқалады. Бұл тұрғыда жүрек-қан тамыр және қатерлі ісік аурулары, созылмалы респираторлық аурулар, диабет және басқа да ауралар қамтылған. Қоғамдық денсаулық үлгісі ауруды емдеу әрекеттерін олардың алдын алуға және басқаруға ауыстыру мүмкіндігін береді.
Сондай-ақ, министр 2016 жылы ДДСҰ-мен бірлесіп қоғамдық денсаулық сақтаудың негізгі жедел қызметтеріне өзін-өзі бағалау жүргізілгендігі туралы хабардар етті. Қызметтің міндеті - ықпал етудің мойындалған әдістері арқылы халықтың денсаулығын қорғау мен нығайту. Оның жұмысы басты 3 мақсатқа жетуге бағытталатын болады. Бұл - дәлелді медицина негізіндегі талдамалы жұмыстарды жүргізу, Қызметті институционалды дамыту және халық денсаулығын нығайту жөніндегі шараларды іске асыру.