Қазақстанда инфекцияның 52 түрі бойынша ауру жұқтыру көрсеткіші төмендеді – министрлік
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда биыл инфекцияның 52 түрі бойынша ауру жұқтыру көрсеткіші төмендеген. Жылды қорытындылаған ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов осындай мәліметті жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жылдың аяқталуына бірнеше күн қалды. Жалпы республикадағы эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Халық арасында тырысқақ, оба, дифтерия, сіреспе, полимэлит, безгек аурулары тіркелген жоқ. Өткен жылмен салыстырғанда инфекцияның 52 түрі бойынша ауру жұқтыру көрсеткіші төмендеді. Оның ішінде қызылшамен ауыру жағдайы 3,7 есе, сальмонеллезбен ауыру 2 есе, менингогок инфекциясын жұқтыру деңгейі 1,8 есе азайды. Созылмалы вирусты гепатиттің тарау жағдайы 42 пайызға, туберкулез 22 пайызға, өткір вирусты гепатит 9,3 пайызға төмендеді», - деді Марат Шоранов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша Қазақстанда қазіргі уақытта инфекциялық ауруларға қарсы екпе жұмыстары жалғасуда.
«Жыл бойы пандемияға қарамастан тамақ өнімдерінің қауіпсіздігіне қатаң бақылау жүргіздік. Осылайша, тамақ өнімдерін мониторингтеу жұмысының қорытындысы бойынша 28 мың түрлі тауар тексерілді. Оның ішінде 15 пайызы техникалық талаптарға сай болмай шықты. Атап айтқанда құс еті, ет, сүт, кондитерлік өнімдер, балық өнімдерінің талаптарға сәйкес келмейтіні анықталды», - деді ол.