Қазақстанда инфекциялардың иммунопрофилактикасы бойынша маңызды прогреске қол жеткізілді – ДДСҰ өкілі
АСТАНА.KAZINFORM - Адам папилломавирусына қарсы егу ұлттық науқаны жатыр мойны обырының алдын алуға бағытталған өте маңызды қадам, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы өкілдігінің вакцинацияға сұраныс пен келісімді арттыру жөніндегі ұлттық үйлестірушісі Сәуле Қасымова мәлім еткендей, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропадағы аймақтық бюросының бастамасымен 2005 жылдан бері Еуропалық иммундау апталығы өткізіліп келеді.
Биылғы жылы еуропалық иммундау апталығы 27 сәуір мен 3 мамыр аралығында өтеді.
- Қазақстанда 2024 жылы маңызды прогреске қол жеткізілді. Адам папилломавирусына қарсы ұлттық вакцинациялау науқаны басталды. Бұл әйелдер арасындағы жетекші онкологиялық аурулардың бірі саналатын жатыр мойны обырының алдын алуға бағытталған өте маңызды қадам. Сонымен қатар, Қазақстан ДДСҰ әзірлеген «Иммундық патруль» цифрлық білім беру платформасын мектеп бағдарламасына пилоттық түрде енгізген Еуропа өңіріндегі бірнеше елдердің бірі. Бұл платформа қазақ және орыс тілдеріне аударылып, 10-12 жас аралығындағы балаларға ойын түрінде иммунитет пен инфекцияның алдын алу негіздерін үйретеді,- деді С.Қасымова.
Баяндамашы алдағы жұмыстың басым бағыттарын атады. Бұл, ең алдымен, вакциналардың қауіпсіздігіне сенімді арттыру және жедел әрекет ету мақсатында иммундаудан кейінгі жағымсыз құбылыстарды бақылауды және тіркеуді күшейту. Сонымен қатар, медицина қызметкерлерінің пациенттермен және ата-аналармен тұлғааралық қарым-қатынас жасау саласындағы біліктілігін арттыру – диалогты нығайту, күмәнді жою және вакцинацияға деген ұмтылысты арттыру бойынша жүйелі жұмыс қажет.
Сондай-ақ С.Қасымова вакцинация 1974 жылдан бері әлемде 154 миллионнан астам адамның өмірін сақтап қалғанын, бұл 50 жыл ішінде әр минут сайын, күн сайын сақталып қалған алты адамның өмірін сақтап қалғанын еске салды. Дәл осы кезеңде нәресте өлімі 40% төмендеді, ал қызылшаға қарсы вакцина барлық құтқарылған өмірдің 60% құрады. Бұл ұлттық иммундау бағдарламаларына инвестицияны жалғастырудың маңыздылығын көрсетеді.
Бұған дейін ДДСҰ құс тұмауын жұқтыру қаупі төмен екенін хабарлаған.