Қазақстанда инновацияға инвестиция тартуға бағытталған венчурлық қор құрылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шетелден инновация бойынша инвестиция тарту үшін елімізде арнайы венчурлық қор құрылады.
Бұл туралы «Өнімді инновацияларды ынталандыру жобасының іске асырылуы» тақырыбында ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында ҚР БҒМ Ғылым комитетінің төрағасы Болатбек Әбдірасылов мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Болатбек Әбдірасыловтың айтуынша, Қазақстандағы ғылым мен инновацияны бизнеспен ұштастыру бағытында «Өнімді инновацияларды ынталандыру» жобасы қолға алынған. 2016-2020 жылдарға арналған бағдарлама 5 компоненттен тұрады. Сол компонеттердің үшіншісінде «Технологияларды коммерцияландыру циклін шоғырландыру» көзделген. Бағдарламаның дәл осы тармағында елімізде венчурлық қор құру жоспарланып отыр.
«Қазақстанда «Астана» Халықаралық қаржы орталығының базасында венчурлық қор құру жоспарымызда бар. Бұл да тың бағыт. Қор ғылымды дамыту бағытында шетелден инвестиция тартып, ғылыми өнімдердің нәтижесін коммерцияландыруға бағытталған», - дейді Болатбек Әбдірасылов.
Ал «Өнімді инновацияларды ынталандыру» жобасын басқару тобының бас менеджері Алан Өтеғұловтың айтуынша, венчурлық қорды 2018 жылы ашу жоспарланып отыр. 