Қазақстанда инновациялық әдіспен құйылған қорытпадан протез жасалады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ қорытпа институты ұсынған титан қорытпаларынан өнім алу үшін вакуумдық құюдың инновациялық өндірісі медицинада қолданылатын болады. Бұл туралы Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттіктің баспасөз қызметі хабарлады.

 Қазақстанда инновациялық әдіспен құйылған қорытпадан протез жасалады

Жоба ҚР Инвестициялар және даму министрлігі мен «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-ның еншілес компаниясы «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ қолдауымен іске асырылуда.

Техника ғылымдарының кандидаты, жобаның авторы мен жетекшісі, «Қазақ қорытпа институты» ЖШС директоры Ержан Әубәкіровтың айтуынша алюминий, кремний және титаннан алынған қорытпасын тіс емдеу кезінде қолдануға болады. Осындай қорытпа (алюминий оксиді, цирконий оксиді) Еуропа одағында кеңінен қолданылады, тіс никель-хром және кобальт хромды қорытпалардан 2,5 есе жеңіл, бұл тісте пародонтоз (тістің қанжелінуі) қалыптасуының алдын алады.

Аталмыш жобаны іске асыруға 2014 жылы инновациялық грант есебінен 18 млн теңге бөлінген.

Қазіргі уақытта қорытпа барлық қажетті санитарлық-эпидемиологиялық сараптамалардан, талдаудан, сертификаттаудан өткен, медициналық қолданыс үшін өнім өндіруге мемлекеттік лицензия алынған, стоматологиялық қызметтер үшін алюминий қорытпасы негізінде құйылған қорытпаға патенті бар. Сонымен қатар, «С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті» ШЖҚ РММ ұсынған еріктілерге 30- 40 тіс (протез, коронкалар) салынған.

Сондай-ақ, Алматы қаласының стоматологиялық клиникаларымен келіссөздер жүргізілуде, қазірдің өзінде «Almagest LTD» ЖШС М.Темірбаев профессорының Оқу-клиникалық стоматологиялық орталығы, «Эскулап» ЖШС-лары ортопедиялық стоматология үшін медициналық сипаттағы өнім әзірлеу үшін жеңіл қорытпалар жеткізу туралы келісімдер жасалған.

«Заманауи медициналық практикада тіс емдеу кезінде металды керамикалық тістер, оның ішінде кобальт-хромдық және никель-хромдық қорытпалар қолданылады. Екі қорытпа да уытты, одан түрлі аллергия пайда болуы мүмкін. Алюминий оларға қарағанда уытты емес және тамақ өнеркәсібінде кеңінен қолданылады. Алайда жоғары температурада қыздырғанда механикалық қасиеттерін жоғалтады. Осыған орай тиісті пропорцияда кремний мен титан қосқан абзал» - дейді Ержан Әубәкіров.