Қазақстанда инновациялық жобалар жаңа бағдарлама бойынша қаржыландырылмақ
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ еліміздің Инвестициялар және даму министрлігімен бірлесіп инновациялық жобаларды гранттық қаржыландырудың жаңа бағдарламасын жүзеге асыруды бастады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «ТДҰА» АҚ-ның басқарма төрағасы Марат Омаров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Инновациялық гранттарды алуға өтінімдер 2017 жылдың 2 тамызынан бастап 2 қазан аралығында қағаз түрінде қабылданады. Сонымен бірге digital.baiterek.gov.kz интернет порталы арқылы электронды түрде де беруге болады. Біз бизнес процестерді қайта инженерлеуден өткіздік және гранттарды беру шарттарын жақсарттық», - деді ол.
Оның айтуынша, ұлттық агенттік бұған дейін бизнес үшін тартымсыз болып табылатын және соңғы өнімді шығаруды қарастырмайтын гранттың 9 түрін қарастырып келген. Ал жаңа бағдарламада оларды қаржыландыруды шектеу айтарлықтай ұлғайып 3 түрге топтастырылған.
«Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың технологиялық дамуына инновациялық гранттарды берудің жаңа ережелеріне сәйкес гранттың сомасы лицензиялық шарт бойынша дәлелденген шығындардың 70, жабдықтарды сатып алу үшін дәлелденген шығындардың 50 пайызына дейін құрайды. Ал ақшалай түрде 400 млн. теңгеге дейін. Грант озық әрі қазіргі заманғы отандық және шетелдік технологияларды трансферттеу арқылы кәсіпорындардың технологиялық деңгейін арттыруға бағытталған», - деді Марат Омаров.
Агенттік басшысының сөзіне қарағанда, салалардың технологиялық дамуына бөлінетін гранттың көлемі лицензиялық шарт бойынша дәлелденген шығындардың 70, жабдықтарды сатып алу үшін дәлелденген шығындардың 50 және технологиялық құзіретті арттыру бойынша дәлелденген шығындарға кеткен шығыстардың 85 пайызына дейін құрайды. Бұл ретте берілетін гранттың ақшалай сомасы 500 млн. теңгеге дейін болады. Грант негізінен тәжірибеге, білімге, дағдылануға, озық және қазіргі заманғы отандық және шетелдік технологияларды трансферттеу арқылы жұмыс істеп тұрған салалардың дамуына бағытталған.
«Технологияларды коммерциялау грантының көлемі дәлелденген шығындардың 50 процентіне, ақшалай түрде 200 млн. теңгеге дейін», -деді Омаров.