Қазақстанда Интернет арқылы айына 100 мыңға тарта кибершабуылдар жасалады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда интернет арқылы айына 100 мыңға тарта кибершабуылдар жасалады. Бұл туралы бүгін Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысынан кейін журналистерге берген сұхбатында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Басқарма басшысы Ғалымбек Тәтенов мәлім етті.
Еске салайық, комитетте «Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше-мемлекеттердің ақпараттық саладағы қылмыстық әрекеттерге қарсы өзара әрекеттесу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланған болатын. Аталған хаттамаға ҰҚШҰ мемлекеттер басшылары 2014 жылдың желтоқсан айында Мәскеуде қол қойған.
Басқарма басшысының айтуынша, хаттама ақпараттандыру саласындағы , соның ішінде Интернеттегі қылмысқа тән құбылыстарды анықтап, оған қарсы күресуге бағытталады. Ондай құбылыстардың қатарында ҰҚШҰ мүше-мемлекеттерінің қауіпсіздігіне қатер төндіретін қылмыстар да бар. Хаттама аясында ҰҚШҰ мүшелері осы саладағы қылмыстарды бірлесе анықтап, ол бойынша қылмыстық іс қозғауға, тергеулер жүргізіп, жауапкершілікке тартуға қатысты шаралар қамтылады.
«Қазақстанда барлық арнайы жүйелер Интернет желісі сегменттерінде кибершабуылдарды анықтап, оларға техникалық қарсы тұру мен жою жұмыстары ұдайы жүргізіліп келеді. Негізінен ондай шабуылдар вирустық сипатта еніп, мақсаттары да әртүрлі болып отырады. Мәселен, кибералаяқтар жеке тұлға туралы ақпараттар иеленуге, олардың жеке шоттарына кіріп, қаражаттарын ұрлауға қатысты қылмыстарға барады. Кибершабуылдар негізінен шет елдердегі Интернет желісі сегменттерінен шығып, біздің арнайы қызмет олардың алдын алып отырады», - деді Ғ. Тәтенов.
«Біз айына 100 мыңға тарта кибершабуылдарды тіркейміз. Бұлардың басым бөлігі вирустық сілемелер арқылы келеді, сосын техникалық деңгейде бірден анықталады. Дегенмен, нысаналы шабуылдар да баршылық», - деді ол.