Қазақстанда интернет-банкингті белсенді пайдаланушылар саны 23 млн-ға жетіп қалды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандықтар арасында интернет-банкингтің танымалдығы артып келеді. Жылдан жылға пайдаланушылар саны қарқынды артуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Finprom.kz порталының дерегінше, 2022 жылдың соңында онлайн және мобильді банкингті белсенді пайдаланушылардың саны 22,9 млн-ға жетті. Бұл 2021 жылғы көрсетішпен салыстырғанда 20 пайызға көп.

Бүгінде еліміздің әрбір дерлік банкінде мобильді қосымша бар. Бұл ретте екінші деңгейлі ең ірі банктерде аталған өнім түрі барынша жақсы дамыған. Мәселен, танымал Google Play мобильді қосымшасының «Қаржы» секторына қатысты рейтингінде осы жылдың қаңтар-мамыр аралығында Kaspi.kz қосымшасы, Jusan Bank-тің Jusan және Halyk Bank-тің Halyk Homebank қосымшасы көш бастаған.

Бұл банктердің көшбасшы болуы да заңдылық. Соңғы жылдары олар өздерінің қосымшаларын дамыту үшін көптеген іс-шара қабылдап, сервистерін үнемі жаңартып отырды. Жаңарту жүйелі түрде жүргізілді. Айталық, таяуда ғана Jusan Bank мобильді қосымшасын жаңартқан болатын. Нәтижесінде қосымша дизайны толықтай жаңарып, қызметі жақсарды және пайдаланушыларға қолайлы бола түсті.

Айта кетерлігі, 2022 жылы қолма-қол ақшасыз операциялардың жалпы құрылымындағы онлайн-операциялар үлесі саны бойынша 64,6 пайызды, ал көлемі бойынша 82,5 пайызды құрады. Қазақстандықтар күн сайын цифрлық банкинг көмегімен сомасы 234,7 млрд теңгеден асып түсетін орташа есеппен 15,2 млн операция жасайды.


Соңғы жаңалықтар