Қазақстанда интернет-казино қызметі заңсыз деп саналады

Құжат еліміздегі ойын бизнесі саласындағы заң нормаларын жетілдіруді көздейді. Мұнда ойын бизнесі туралы заңнаманы айналып өтуге мүмкіндік беретін алшақтықтар мен қайшылықтарды жою шараларын қарастырады. Сонымен қатар, интернет-казино қызметіне, оның ішінде Қазақстан аумағындағы шетелдік интернет-казино қызметіне тыйым салу белгіленеді. Бұдан бөлек, ойын бизнесі саласында лицензия алу кезінде өтініш берушілердің талаптарын қатаңдату қарастырылады. Заң жобасы бойынша баяндаған Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының айтуынша, Азаматтық процессуалдық кодексте интернет-казино қызметін заңсыз деп тану механизмдері қарастырылып отыр. Бұдан бөлек, Әкімшілік құқық бұзушылық кодексте ойын бизнесіне қатысты заң нормаларын бұзғандар үшін жауапкершіліктер нақтыланып, қосымша жауапкершіліктер де қамтылады.
Бұдан бөлек, заң жобасымен букмекер кеңсесі және тотализатор кассаларынан алынатын салық 75 айлық есептік көрсеткіштен 150 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғаятын болады. Ал букмекер кеңсесі мен тотализатордың электрондық кассасына салынатын салық 2000 айлық есептік көрсеткішке дейін артады. Бұл ретте электрондық кассаға салықты арттыру негізінен оны пайдаланушылардың көптігіне қарай орын алып отыр. Мәселен, орта есеппен алғанда интернет-ресурс арқылы бәс тігуге тіркелген қатысушылардың саны 200 мың адамға жетеді әрі олардың 50 пайызы тұрақты қатысушылар болып табылады.
Құжаттағы басты жаңалықтардың бірі - ойын мекемелерін, букмекер кеңсесі кассаларын және тотализаторларды тұрғын үй ғимараттарына орналастыруға тыйым салынады.