Қазақстанда интернет қызметі өте қымбат - В.Нехорошев
АСТАНА. Қарашаның 10-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Парламент Мәжілісінде «Электрондық үкіметті» дамыту мәселесіне арналған заң жобасының таныстырылу рәсімінде депутат Владимир Нехорошев Ақпараттандыру және байланыс саласының қызметін сынға алды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Депутаттың айтуынша, Қазақстанда интернет қызметі өте қымбат. Компьютердің жағдайы Мәжілістің өзінде де мәз емес. Бірде істесе, бірде істемейді. Ауылдық жерде оның қандай жағдайда екендігі айтпаса да түсінікті. Ал тұрғындардың компьютерді меңгеру деңгейі тым төмен. «Ақпараттандыру және байланыс агенттігін осыған дейін еліміздің азаматтарының барлығы компьютерді меңгерген, елдегі барлық мектептерде интернет бар деген сыңайда ақпарат таратқан болатын. Алайда біз қазір еліміздің мектептерінде түгелдей дерлік интернет бар деп айта алмаймыз», деді халық қалаулысы.
Оның пікірінше, бізге қазір бірінші кезекте республика тұрғындарының компьютерлік сауаттылығын арттыру мәселесіне көңіл бөлген абзал. Бұл мәселені байсалды түрде сатылап жүзеге асыру керек. Сондай-ақ электрондық сауда қызметіне қатысатын азаматтардың барлығы компьютерді жақсы меңгерулері тиіс. «Біздің интернет ресурстарымыз қазіргідей емес, толықтай жұмыс істейтін болған кезде ғана ойлаған мақсат орындалды деп айта аламыз», деді В. Нехорошев.