Қазақстанда интернет-сауда айналымы соңғы 2 жыл ішінде 3 есеге өсті - К. Горожанкин

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Қазақстанда интернет-сауда айналымы соңғы 2 жыл ішінде 3 есеге өсті. Бұл туралы бүгін Алматыда «IPROF-2014» атты IV Кәсіпқой интернет-конференция барысында Қазақстандық интернет-бизнес және мобильді коммерция Қауымдастығының президенті Константин Горожанкин мәлімдеді.
None
None

Оның айтуынша, 2012 жылы Қазақстанда интернет-сауда саласындағы жылдық тауар айналымы 400 млн. доллар болса, 2013 жылы бұл көрсеткіш 600 млн.долларды құраған.

«Қазақстанда интернет-сауда қарыштап дамып келеді. Бұдан екі жыл бұрын қазақстандық интернет-дүкендердің транзакциялары 10 пайызды ғана құраған. Яғни, тұтынушыларымыздың интернет арқылы тауар алуға жұмсаған ақшаларының 90 пайызы шет елдік интернет-дүкендердің кассасына түсіп жатты. Ал қазір, транзакциялардың 27 пайызы қазақстандық интернет-дүкендерде қалып жатыр. Қалған 71 пайызы шет елдік интернет-дүкендерге төленеді. Демек, шет елдік интернет дүкендерге деген сенім әлі де басым. Дегенмен, өзіңіз көргендей соңғы 2 жылдың ішінде Қазақстанда жасалатын интерент-сауданың айналымы 3 есеге артып отыр. Демек, осы саладағы түрлі акциялар, конференциялар бекерге өткізіліп жатқан жоқ. Адамдар интернет арқылы ақша табудың жолдарын үйрене бастады» - деді К. Горожанкин.

«Дегенмен, қазақстандық тұтынушылардың әлі де болса интернет арқылы тауар сатып алуға деген сенімі жоғары емес», - дейді өз кезегінде бүгінгі конференцияны ұйымдастырушы «KazNet Events» компаниясының директоры Анна Осипова. Оның айтуынша, қазақстандық тұтынушылар интернет арқылы сауда жасауға әлі де болса жүрексінеді

«Адамдар деректерімді ұрлатып алармын деп қорқады. Карточка арқылы, мобильді әмиән арқылы есеп айырысуға сенімсіз, комиссиялары қымбат деп бара бермейді. Тауарды көзбен көріп, қолмен ұстап, тексеріп алмаған соң сауда бола ма, Интернет арқылы сатып алынған тауар ертең сапасыз болып шықса не ісеймін деп, тағы ойлайды. Яғни, бізде әлі де болса интернет арқылы сауда жасау мәдениеті қалыптаспаған. Сондықтан, осындай конференциялар өткізу арқылы, тұтынушылардың көңіліне сенім ұялату, тиісті мәдениетті қалыптастыру - біздің басты міндетіміз», - деді А. Осипова.

Айта кетелік, «IProf - 2014» интернет-конференциясының осы тектес басқа конференциялардан айырмашылығы оған осы саланың нағыз мамандары қатысты. Мұнда Қазақстан, Ресей және Украинаның интернет-маркетинг саласында жемісті еңбек етіп келе жатқан компаниялардың басшылары, негізін қалаушылары өз тәжірибесімен бөлісті.

Конференция жұмысы ертең де жалғасын табады.

Соңғы жаңалықтар