Қазақстанда интернет желісін зақымдағандарға жаза күшейтілуі мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Үкімет отырысында «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин телекоммуникация желілеріне зақым келтіргендерге жазаны күшейтуді сұрады.

Астанада жер қазу кезінде кабель зақымданып, тұрғындар интернетсіз қалды
Фото: Қазақтелеком

— Осы жылдың 10 айының өзінде басқа ұйымдар желілерімізге 459 рет зақым келтірді, соның салдарынан желілер жалпы есеппен 80 күн бойы жұмыс істемей тұрды, — деді Бағдат Мусин.

Мысал ретінде ол Жетісу облысында болған оқиғаны келтірді: онда жеке компанияға тиесілі экскаватор қазу жұмыстары кезінде магистральдық кабельді зақымдап алған.

Салдарынан 15 000-нан астам абонент зардап шекті. Оқиғаның әсері өңір шекарасынан асып түсті, яғни Семей мен Павлодарда да интернет трафигінің төмендегені тіркелді. Байланысты қалпына келтіруге төрт сағаттан астам уақыт кетті.

Қазіргі кезде байланыс желілерін зақымдағаны үшін салынатын ең жоғары айыппұл мөлшері 120 АЕК-ті — 519 000 теңге.

— Бүгінде телекоммуникация азаматтар үшін электр энергиясы, су немесе жылу сияқты негізгі қажеттілікке айналды. Алайда, қазіргі кезде оның заңнамалық мәртебесі тиісті деңгейде теңестірілмеген. Заңнамада телекоммуникацияға базалық инфрақұрылымдық қызмет мәртебесін кезең-кезеңімен бекітуді және байланыс желілерін зақымдағаны үшін жауапкершілікті күшейтуді ұсынамыз, — деді Бағдат Мусин.

Бұған дейін хабарланғандай, Бағдат Мусин елдің цифрлық саладағы қуаты қалай нығайтылып жатқанын түсіндірді.