Қазақстанда инвесторларды тексеруді қысқартатын жоспар әзірленеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Инвестициялар және даму министрлігі мен Бас прокуратура Қазақстанда инвесторлар қызметін тексеруді қысқарту жөніндегі жоспарды әзірлеп жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысында аталған министрліктің басшысы Жеңіс Қасымбек мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстанда инвесторларды тексеруді қысқартатын жоспар әзірленеді

«Мемлекеттік органдар тарапынан инвесторлар қызметін тексеруді қысқарту бойынша Бас прокуратурамен бірлесіп кешенді жоспар даярланады. Сонымен қатар инвесторлар шағымдары мен проблемаларын қадағалау және жүйелік сәйкестендірудің жаңа тетігі іске қосылады. Проблемалар туындаған кезде аталған ақпараттық жүйе дер кезінде тиісті мемлекеттік органдарға хабар береді», - деді Ж. Қасымбек.

Атап айтқанда бұл шаралар 2018-2022 жылдарға арналған Ұлттық инвестициялық стратегияда қамтылған.

Министрдің сөзіне қарағанда, инвесторлар құқықтарын қорғау саласында заңнаманы жетілдіру бағытында инвестициялық омбудсменнің рөлін күшейту қадамы қарастырылған.

«Бұдан бөлек, шетелдік инвесторлардың «Астана» халықаралық қаржы орталығы сот жүйесіне қолжетімдігін қамтамасыз ету мүмкіндігі қарастырылуда", - деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР Үкіметінің отырысында 2018-2022 жылдарға арналған Ұлттық инвестициялық стратегия бекітілді.