Қазақстанда ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз ету үшін астық жеткілікті болады-А. Күрішбаев

АСТАНА. Шілденің 17-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Қазақстанда ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз ету үшін астық жеткілікті болады.

Қазақстанда ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз ету үшін астық жеткілікті болады-А. Күрішбаев

Бүгін Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен селекторлық кеңесте Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев осылай мәлімдеді.

Оның айтуынша, ағымдағы жылғы шілденің 1-гі жағдай бойынша республикамызда өткен жылдан қалған 7 млн. тонна астық бар. Бұл өткен жылғы қордан екі есе көп, былтыр осы кезеңде елімізде 3,5 млн. тонна астықтың қоры болған. «Елімізде 6,3 млн. тонна азық-түліктік бидай бар. Элеваторларда 5,6 млн. тонна астық сақталып тұр, оның 3,6 млн. тонннасы азық-түлік корпорациясының астығы. Егер біз биыл тіпті пессимистік болжам бойынша 15 млн. тонна астық жинайтын болсақ, онда тұтастай алғанда маркетингтік жылдың басында сақтаулы тұрған қорды қосқанда елімізде 22 млн. тонна астық болады. Осылайша біз сөз жоқ ішкі сұранысты қамтамасыз ететін боламыз. Еліміз наннан таршылық көрмейтін болады», деді А. Күрішбаев. Министр сонымен бір мезгілде, елімізде экспортқа шығаратын астықтың мол қоры болатынын атап көрсетті. Оның айтуынша, соңғы кездерде Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында және еліміздің шығыс өңірлерінде жауын-шашын тәуір түскен. Сондықтан, құрғақшылықтан зардап шеккен егіннің жағдайы жақсарып келеді.