Қазақстанда іскерлік белсенділік жақсара бастады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанда сегіз ай бойы теріс аумақта болған іскерлік белсенділік жақсара бастады. Бұл туралы ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жыл басында әлемдік экономикалық белсенділік жақсарды. Қаңтар айында іскерлік белсенділіктің жаһандық композиттік индексі (global PMI) 2022 жылғы желтоқсан айындағы 48,2-ден 49,8-ге дейін өсті. Қаңтар айында өндіріс пен жаңа тапсырыстардың төмендеуі соңғы 6 айдағы ең аз мәнді көрсетті және тұрақтана бастады. Бизнес өкілдерінің оптимизмі 8 айлық максимумға дейін өсті», - деді Б. Шолпанқұлов Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Спикердің айтуынша, 2023 жылғы қаңтар айында елдегі іскерлік белсенділік индексі 50,7 болып, өсу аумағына көшті. Қызмет көрсету және өндіріс секторында іскерлік белсенділіктің жақсаруы байқалды, онда индекстер 52,1 және 51,3-ке дейін көтерілді.

«Инфляция проблемаларының сақталуына байланысты Халықаралық валюта қоры бюджеттік шығыстардың өсуін алдын алуды ескертеді, себебі ол қазіргі жағдайда инфляцияны одан әрі арттыруы мүмкін. Қытайдың шектеулерді алуынан туындаған оптимизм және әлемдік орталық банктердің ақша-кредит саясатын күшейтуінің ертерек аяқталуын күту және экономикалық өсу перспективаларының жақсаруы инвесторлардың оң болжам күтуіне ықпал етті», - деді Б. Шолпанқұлов.

Сонымен бірге, 2023 жылғы қаңтар айының қорытындысы бойынша, дамыған елдердің акциялары (MSCI World) 7%-ға өсті, АҚШ-тың 10 жылдық мемлекеттік бағалы қағаздарының кірістілігі 3,88%-дан 3,51%-ға дейін 37 базистік тармаққа төмендеді. Доллар индексі 1,4%-ға әлсіреген.


Соңғы жаңалықтар