Қазақстанда исламды тереңірек танығысы келетіндер үшін е-islam интернет-порталы ашылады

АСТАНА. 12 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қазақстанда 2013 жылдың басында е-islam интернет-порталы ашылады. Бұл туралы ҚР Дін істері жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары Ғалым Шойкин мәлімдеді.

Қазақстанда исламды тереңірек танығысы келетіндер үшін е-islam интернет-порталы ашылады

«2013 жылдың І маусымының соңына қарай интернет-порталды қолданысқа енгізбекшіміз», - деді ол бүгін Астанада өткен «Интернет арқылы халықтың діни танымын арттыру» атты дөңгелек үстелде. Оның айтуынша, портал тек діни мазмұнда емес, сонымен қатар рухани-ағартушылық бағытта болады. Портал негізінен жастар қауымына бағытталады.

«Бүгінгі күннің талабы әйелдер қауымы болсын, жастар болсын өзіне қажетті ақпаратты бір ғана ортақ порталдан алып, сол арқылы діни сауатын тереңдетуге күш салу болып отыр. Яғни порталда ағартушылық материалдар көптеп қойылады, сол арқылы әлі де ізденіс үстінде жүрген адамдарға бағыт-бағдар беріледі», - деді Ғ. Шойкин.

Оның айтуынша, әзірге сайт тек екі тілде, қазақша және орысша жүргізіледі деп жоспарланып отыр. дегенмен алдағы уақытта е-islam-ды ағылшын және француз тілдерінде де жүргізу мүмкіндігі жоқ емес көрінеді.