Қазақстанда ІТ саласын дамыту үшін ең бірінші білімге көңіл бөлу керек - Үкімет басшысы

«Соңғы бірнеше апта бойы Үкіметте, экономиканы жаңғырту комиссиясында ақпараттық технологиялар саласын дамыту жайында әңгімелер болды. Мен сол отырыстардың барлығында ІТ саласын дамытуға қатысты өз пікірімді білдіріп келген едім. Бүгінгі басқосуды пайдалана отырып, оны тағы да ортаға салғым келеді. Менің ойымша, ІТ саласын дамыту үшін ең алдымен білім мәселесіне баса назар аударған ләзім», деді Кәрім Мәсімов. Үкімет басшысының айтуынша, ІТ саласын дамыту мақсатында мемлекеттік тапсырыстарды арттырып, қаражат та жеткілікті бөлінуі тиіс.
«Шындығында, жан басына шаққанда бізде мамандар айтарлықтай жеткіліксіз. Бүткіл республика бойынша мамандар тапшылығын шешпей тұрып, бәсекелестікті де жолға қоя алмайтынымыз анық. Білікті мамансыз сала еш көгермейді. Сондықтан да, ІТ саласын дамытудағы басты мәселе - білім. Сол үшін Білім және ғылым министрі мен Байланыс және ақпарат министріне осы мәселені шешуді жүктеймін», деді Премьер-Министр.
Естеріңізге сала кетейік, бүгінгі жиын барысында Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев та осы мәселеге жете тоқталып өткен болатын. Оның айтуынша, мемлекет салалық бағдарлама шеңберінде кадр мәселесін оң шешуді қолға алатын болады. «Атап айтқанда, Халықаралық ақпараттық технологиялар университетіне қомақты гранттар бөлу көзделеді. Бұдан бөлек, алдағы үш жылда ІТ саласын тереңдете оқытатын колледждер ашатын боламыз. Өйткені, жоғары білім болғаны әрине жақсы. Дегенмен, бізге жоғары технологиялық өндірістердің тілін ұғынатын мамандар да аса қажет», деді А. Жұмағалиев.