Қазақстанда іздеу жарияланған қылмыскер Ресейде ұсталды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысында Қылмыстық кодекстің екі бірде бабы бойынша қылмыс жасап, шетелге қашып кеткен қылмыскер Ресейде қолға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстанда іздеу жарияланған қылмыскер Ресейде ұсталды

Ведомствоның мәліметінше, 2020 жылғы қарашаның 13-де Ресей Федерациясы Орлов облысының Мценск қаласында ұйымдастырылған жедел-іздестіру іс-шарасы кезінде ресейлік тәртіп сақшылары 27 жастағы ер адамды ұстады.

«Анықталғандай, ер адамға 2015 жылдан бері Көкшетау қалалық Полиция басқармасы Қылмыстық кодекстің 106 бабы 2 бөлігі (денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) және 293 бабы 2 бөлігі (бұзақылық) бойынша екі қылмыстық іс бойынша іздеу жариялаған», - дейді ведомстводан.

Еске сала кетсек, 2015 жылдың 10 қаңтарында сағат 05:10 шамасында Көкшетау қаласындағы «Сервис плюс» қонақүйінің жанында мас үш адамның арасында келіспеушілік туындайды. Сол кезде 27 жастағы ер адам қасында болған таныстарына себепсіз, бұзақылық ниетпен жарақат салады.

Сот-медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес зардап шегушінің біреуіне ауыр зиян келтірілген.

Қылмыстық істерді тергеу барысында күдікті полиция қызметкерлерінен қашып кеткен. Сот үкімі шыққаннан кейін күдіктіге халықаралық іздеу жарияланды. Бағдарлар көрші мемлекеттердегі әріптестерге бағытталған болатын. Қабылданған шаралар оң нәтижесінде күдікті көрші елден ұсталды.

«Күдіктіге қатысты «күзетпен ұстау» процессуалдық мәжбүрлеу шарасы таңдалды. Қылмыскер Мценск қаласындағы «Мценский» Ресей ІІМ уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазіргі уақытта полициейлер экстрадициялау мәселесін шешіп жатыр», - деп толықтырды ведомстводан.