Қазақстанда «Jibek Joly» радиосы өз жұмысын бастады
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Президенті Телерадиокешенінің жаңа «Jibek Joly» радиосы өз жұмысын бастады. Әуе толқынында алғашқы мерекелік таңғы эфир өтіп жатыр, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Жаңа радио «Астана» радиосының базасында құрылды және 101.4 FM жиілігінде хабар таратуды жалғастырады. Радио қазақ және орыс тілдерінде хабар таратады.

Алғашқы мерекелік эфирді ҚР Президенті Телерадиокешені «Jibek Joly» телеарнасының жұлдызды жүргізушілері – Айгүл Мүкей мен Әнуар Кәрбозов жүргізіп жатыр. Бұдан бөлек, күн сайын сағат 7:00-де Жасұлан Айсағали мен Дильбар Жұмекенова тікелей эфирде «Таңғы Эспрессо» шоуын өткізеді.

Ал радионың бас редакторы Бекнұр Нұрмағанбет пен жүргізуші Қырмызы Жандосова «JJ PRIME» кешкі шоуын жүргізеді. Сондай-ақ әр сағат сайын эфирден өзекті жаңалықтар беріліп отырады.
− Бұл тұсаукесерге бірнеше ай дайындалдық, жұмыс әлі де жалғасып жатыр. Радиоформатты өзгерту, музыкалық базаны жаңарту — бір күнде шешілетін шаруа емес. Лицензиялау, авторлық құқық мәселелері бар, сондықтан процесс әлі жүріп жатыр. Біздің басты мақсатымыз – табысты радио концепциясын құру, тыңдармандар қатарын кеңейту және жаңа форматтағы БАҚ болу. Радио музыкаға, көңіл күй мен эмоцияға басымдық береді, радио қасыңда отырған досыңдай әсер береді. Бізді көбірек адам тыңдап, әр таңы мен кешін бізбен өткізсе, жаңалықтарды бізден білсе дейміз. Бұл ретте өте кең аудиторияға бағытталып отырмыз, тыңдармандарымыз белсенді өмір салтын ұстанатын, ел мен қалада, әлемде болып жатқан оқиғаларға бейжай қарамайтын азаматтар болады деп ойлаймыз, − дейді «Jibek Joly» радиосының жетекшісі Наталья Буренкова.

«Jibek Joly» − ең талғампаз аудиторияға арналған музыка мен еркін сұхбат, өзекті контент алаңы болмақ. Радио жаңа таланттарды таныстырып, Қазақстанның заманауи музыкасын ілгерілету форматтарын енгізеді.

Ал «Jibek Joly» ән фестивалінде Қазақстанның жаңа музыкалық буын өкілдері тыңдарманын қуанта түспек. Олардың әндері радионың бірегей авторлық плейлисіне қосылады. Сондай-ақ Орталық Азия елдерінен жас, заманауи, қызықты орындаушыларды тартып, аудиторияны кеңейтуді көздейді.

Сондай-ақ жаңа радио Телерадиокешен құрамындағы Jibek Joly телеарнасымен, Kazinform агенттігімен бірлескен коллаборациялар жасауды, Орталық Азия аудиториясына шығуды, Орталық Азия орындаушыларымен жұмыс істеп, олардың шығармашылығын таныстыруды көздеп отыр.

Күн сайын радиоэфир Димаш Құдайбергеннің орындауындағы Қазақстан Республикасының Әнұранымен басталады. Танымал әншінің орындауында Президент Телерадиокешені түсірген еді.
Еске сала кетсек, 16 сәуірде елордада өткен II Орталық Азия медиафорумында аймақтың ақпараттық ынтымақтастығын жандандыру, ортақ SilkWay телеарнасын құру бастамалары айтылған еді.
Сондай-ақ, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Орталық Азия елдерімен қандай медиажобалар жасалатынын айтты.