Қазақстанда қаламаңы электр пойыздарындағы қауіпсіздік шаралары күшейтіледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қаламаңы тасымалы» АҚ, «Әскерилендірілген темір жол күзеті» және Көліктегі ІІД желілік полициясы пойыздардағы жолаушылар қауіпсіздігін күшейтеді. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметінен хабарлады.
«Соңғы уақытта қаламаңы пойыздарында жол үстінде құқықтық тәртіпті бұзу деректері көрініс таба бастады. ҚР Ішкі істер министрінің бұйрығына сәйкес қаламаңы пойыздарында жол үстіндегі құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және мүлікті сақтау мақсатында көліктегі полиция кезекшіліктері жолға шығуда», - делінген хабарламада.
Дегенмен, компания ақпаратына қарағанда, Көліктегі ІІД қызметкерлері барлық қаламаңы пойыздарындағы қауіпсіздікті 100 пайыз қамамасыз етуге жетіспейді.
Сондықтан да «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті Асқар Маминнің тапсырмасымен «Қаламаңы тасымалы» АҚ Көліктегі ІІД және «Әскерилендірілген темір жол күзеті» АҚ басшыларының қатысуымен жиын өткізді. Онда аталған екі ұйымның күш-жігерін жолдағы қауіпсіздікке жұмылдыру туралы шешім қабылданды.
«Қаламаңы тасымалы» АҚ-ның пойыз бригадасының жұмысшылары жолаушылармен тосын оқиға орын алған сәтте машинистпен радиобайланысқа шыға алады және пойыз бағыт алған стансадағы желілік полиция бөлімшесіне дер уақытында ақпарат бере алады.
Көліктегі ІІД пен «Қаламаңы тасымалы» АҚ қоғамдық қауіпсіздікті және қаламаңы тасымалы саласындағы құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған бірлескен іс-шаралар жоспарын әзірлеп, бекітті.