Қазақстанда қалдықтарды өңдеуге 113,6 млрд теңге бөлінді
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда тұрмыстық қалдықтарды өңдеу және сұрыптау инфрақұрылымын дамыту мақсатында соңғы екі жылда бірқатар жоба іске асырылып жатыр. Бүгінде жеңілдетілген қаржыландыру тетігі аясында 28 жобаға 113,6 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты Қалдықтарды басқару департаментінің директоры Руслан Түкенов мәлімдеді.
Министрлік дерегінше, Қазақстанда жыл сайын шамамен 4,5 млн тонна коммуналдық қалдық түзіледі. Оның шамамен 30%-ы сұрыпталып, қайта өңделеді.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2024 жылдан бастап утилизациялық төлемдер есебінен қалдықтарды басқару жобаларын жеңілдетілген қаржыландыру механизмі іске қосылды. Бағдарлама аясында кәсіпорындар қоқыс таситын көлік, сұрыптау желілері мен қайта өңдеу өндірістерін сатып алу үшін 15 жылға 3 пайыздық мөлшерлемемен несие ала алады.
Министрлік жанындағы Инвестициялық штаб 2024-2026 жылдары жалпы құны 302,3 млрд теңге болатын 61 жобаны мақұлдаған.
Ал 2026 жылғы 2 маусымдағы жағдай бойынша «Жасыл даму» АҚ 28 жобаны 113,6 млрд теңгеге қаржыландырды. Оның ішінде 98,9 млрд теңге игерілген.
– Қазіргі уақытта 11 жоба пайдалануға берілген. Сонымен қатар биыл тағы 11 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Ал бірқатар кәсіпорындарда құрылыс жұмыстары 2027-2028 жылдарға дейін жалғасады, – деді Руслан Түкенов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Министрлік бұл жұмыстардың нәтижесінде 2030 жылға қарай қалдықтарды қайта өңдеу үлесін 40 пайызға жеткізу көзделіп отырғанын атап өтті.
Айта кетейік, бұған дейін, мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин екі жыл ішінде «Таза Қазақстан» жобасы аясындағы нәтижелерге тоқталған болатын.