Қазақстанда қан донорларының бірыңғай базасы қажет

АСТАНА. 16 қаңтар. ҚазАқпарат - Отандық қан орталығының дәрігерлері үшін донорлардың бірыңғай онлайн-базасы қажет.

Қазақстанда қан донорларының бірыңғай базасы қажет

Бұл жөнінде бүгін Астанада Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы директорының бірінші орынбасары Сәния Әбдірахманова мәлім етті.

«Өзекті мәселелердің бірі - Қазақстанда бірыңғай ақпараттық платформаның жоқтығы. Біздің орталықтар тұрақты қан тапсырушы донорлардың және түрлі инфекциялық дерттермен ауырған, қан тапсыруға құқықтары жоқ адамдардың бірыңғай базасын жасақтады. Бұл база әлі елдегі басқа орталықтармен қосылмаған. Сондықтан ортақ база Қазақстанда әзірге жоқ», - дейді ол.

Оның сөзіне қарағанда, өзге өңірлерден келген донорлар елордалық қан орталығына келген кезде, дәрігерлер мағлұмат алу үшін оның тұрғылықты жері бойынша сұраныс жіберуге мәжбүр.