Қазақстанда қанша адам трансплантация кезегінде тұр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Айгүл Тастанова Қазақстанда органдар мен тіндерді ауыстырып салу кезегінде қанша адамның тұрғанын жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстанда қанша адам трансплантация кезегінде тұр

«2017  жылғы 1 маусымдағы жағдайға сәйкес күту парағында 2866 пациент бүйрек, 135 адам жүрек, 526 адам бауыр және 10 адам өкпе трансплантациясы кезегінде тұр», - деді  А.Тастанова.

«Ұлттық кардиохирургия ғылыми орталығы» АҚ басқармасының төрағасы Юрий Пянның айтуынша, кезекте тұрған азаматтарға органдар мен тіндерді ауыстырып салу мемлекеттік бюджет есебінен жүргізіледі. Мәселен, жүрек алмастырып салу шамамен 20-25 млн теңгені құрайды.

Сонымен қатар ол өлген адамның органын науқас адамға салу барысында көңіл-күйге емес нақты салмақтанған шешімге мойынсұну қажеттігін атап өтті.

«Трансплантация дінге қайшы келмейді. Егер біздің технологиямыз оны жасауға мүмкіндік беретін болса, онда оны жасау қажет. Меніңше, сезімге берілудің еш қисыны жоқ. Өмір солай, біреу өледі, енді біреулер дүние есігін ашады. Адамдар жолда, өндірісте, тұрмыста қаза тауып жатады. Ол адамдардың мүрдесі жер қойнына беріледі. Ал оның органдары мұқтаж адамдарға көмек бере алатын еді», - деді Юрий Пян.