Қазақстанда қант диабетіне шалдыққан науқастарға инсулин сорғысы терапиясы пайдасын тигізіп келеді - Л.Даниярова

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда 1-дəрежелі диабетке шалдыққан науқастарды емдеу үшін помпалы терапия əдісі тиімді қолданылып келеді. Бұл туралы бүгін «Қазақстандағы қант диабетін емдеуге арналған инновациялық медициналық технологиялар мен емдеу әдістері: инсулин сорғысы терапиясын ендіруге арналған мемлекеттік жоба" тақырыбында өткен кездесу барысында Денсаулық сақтау жəне əлеуметтік даму министрлігінің бас эндокринолог дəрігері Лаура Даниярова мəлім етті.

Қазақстанда қант диабетіне шалдыққан науқастарға инсулин сорғысы терапиясы пайдасын тигізіп келеді - Л.Даниярова

"Бірнеше жыл бұрын жасы 18-ге толған, бірақ тегін дəрі-дəрмек берілмейтін жастардың халы не болмақ деген сұрақ туындады. Немесе қант диабетіне шалдыққан жасы 25-тен асқан, отызға таяған адамдардың халы не болмақ? Міне, осы мəселені шешу үшін біз инсулин салу терапиясын қолға алдық. Əуел баста жас аралығы 24-25-тегі адамдарға инсулин салдық, осылайша өте жақсы нəтижелерге қол жеткіздік", - дейді ол.

Оның айтуынша, балаларға арналған инсулинді помпа (сорғы) терапиясы жөніндегі бірегей жоба Қазақстанда 2011 жылы басталған. Жобаның мақсаты - диабеттің 1-ші түріне шалдыққан 1 жастан бастап 18 жасқа дейінгі аралықтағы балаларды қанға инсулинді автоматты түрде жіберетін арнайы сорғылармен қамтамасыз ету.

Айта кетейік, дəрігерлердің бүгінгі кездесуін ұйымдастырған инсулин сорғыларын өндіретін «Медтроник Би Ви» компаниясы.