Қазақстанда қантты жүгері мен бидайдан өндіру ұсынылды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Сенат депутаты Зәкіржан Кузиев қант өндіру саласын дамытуға қатысты бірқатар ұсыныс айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ауыл шаруашылығы министрлігі әзірлеген қант саласын дамыту бағдарламасы жұмыс істемей тұр. Олардың жоспары бойынша 2021 жылы отандық шикізаттан қант өндірісі 121 мың тоннаға дейін артуы керек еді, ал іс жүзінде 39 мың тонна ғана өндірілген. Мамандар қант қызылшасын егуді көбейту үшін шаруаларға тиісті техника, тұқым және суармалы жер жетіспейтінін айтып отыр. Бұл ретте бағдарламада 2022-2026 жылдарға бюджеттен 495 млрд теңге сомасында қаржыландыру ескерілген», - деді З. Кузиев бүгін Сенатта өткен Үкімет сағатында.

Ол басқа шикізат түрінен қант өндірісін дамытуды ұсынды.

«Бұл тұрғыда жүгері немесе бидайдан өндірілетін глюкозалық-фруктоза шәрбатын қарастырған жөн. Бұл дақылдар қазірдің өзінде біздің елде жеткілікті мөлшерде өсіріліп келеді және тамақ өнеркәсібінде қантты алмастыра алады. Статистикаға сүйенсек, 2022 жылы Қазақстанда 2 миллиард литрге жуық түрлі сусындар өндіріліп, шамамен 200 мың тонна қант пайдаланылған. Сусынның әр литрінде орташа есеппен 100 грамм қант бар», - деді депутат.

«Бұл көлем елімізде пайдаланылатын қанттың жартысына жуығы. Осы көлемді көптеген елде сияқты жүгері немесе бидайдан өндірілген глюкозалық-фруктоза шәрбатымен оңай алмастыра аламыз. Бұл өз кезегінде қант импортын шамамен 50% азайтуға мүмкіндік береді», - деді ол.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Ауыл шаруашылығы министрлігі қант өндірушілерді баға демпингінен қорғау тетігі енгізілгенін жариялады.


Соңғы жаңалықтар