Қазақстанда қар басу қаупі бар жолдар 400 шақырымға қысқарды
АСТАНА. KAZINFORM – Соңғы үш жылда республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының қар басу қаупі жоғары учаскелері 400 шақырымнан астамға қысқарды. Қазір мұндай жолдардың жалпы ұзындығы 2,2 мың шақырымға жуық. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде мәлімдеді.
Компания дерегіне сәйкес, 2023 жылы қар басу қаупі бар жолдардың ұзындығы 2,6 мың шақырым болған. Қазір бұл көрсеткіш 16 пайызға азайған.
Жолдарды қардан қорғау үшін арнайы қоршаулар мен жасыл белдеулер орнатылып жатыр. Мәселен, тұрақты темірбетон қар тоқтатқыш қоршаулардың ұзындығы 403 шақырымнан 832 шақырымға дейін ұлғайған.
Бұдан бөлек, республикалық жолдардың бойында жалпы ұзындығы 6 063 шақырым болатын қар тоқтататын орман белдеулері және 101 шақырым уақытша қорғаныш қалқаны бар.
— Бұл қоршаулар жел айдап әкелген қарды жолға жеткізбей тоқтатады. Соның арқасында жолды қардан қайта-қайта тазарту қажеттілігі азаяды, - деді Дархан Иманашев.
Оның сөзінше, мұндай шаралар қыс мезгілінде жолдардың ашық болуына және көлік қозғалысының қауіпсіздігін сақтауға бағытталған.
Бұған дейін республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын қысқы күтіп ұстауға арналған техниканың дайындығы жөнінде жазған едік.