Қазақстанда карантин режимін жеңілдету жоспары жасалған - Тоғжанов
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Ералы Тоғжанов карантин режимін жеңілдету жоспары туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Әзірге карантин режимін жеңілдету бойынша жоспар әзірленген. Онда маусым айы да қамтылатынын толық айта аламын. Бұдан басқа да Үкіметтің жеңілдету, шектеу шаралары туралы бойынша тұтас жоспары бар. Бүгін Үкімет Премьер-Министр төрағалығымен 159 бөлімнен тұратын кешенді жоспарды әзірледі. Барлық шаралар экономикалық бөлімді қалпына келтіруге бағытталған. Бұл - күн тәртібінде тұрған өте маңызды мәселелер. Әсіресе жұмыс орындарын қалпына келтіру мәселесі өзекті», - деді Ералы Тоғжанов Үкімет үйінде өткен онлайн брифингте.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Қазақстандағы төтенше жағдай режимі тоқтағанын хабарлаған еді. Бірақ, елімізде карантин режимі әлі де сақталады.