Қазақстанда карбон егіншілігін дамыту жол картасы қашан бекітіледі

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде жыл соңына дейін карбон егіншілігін дамыту жол картасы бекітілмек. Бұл туралы Kazinform агенттігі жолдаған сауалға ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми жауабында айтылған.

Карбон егіншілігі
Коллаж: freepik.com

– ҚР Президенті Әкімшілігінің тапсырмасына сәйкес мүдделі мемлекеттік органдар, оның ішінде Ауыл шаруашылығы министрлігі, Қазақстанда карбон егіншілігін енгізу тәсілдерін зерттеуді бастаған. Жаңа бастамаларды қабылдау үшін алдымен осы мәселені заңнамалық тұрғыда реттеу қажет. Осыған байланысты Экология және табиғи министрлігімен бірге тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр, - делінген хабарламада.

Сондай-ақ ведомство тиісті құжатты әзірлеу қашан аяқталатынын мәлім етті.

– Парламент Мәжілісінің жұмысында тұрған «Топырақты қорғау туралы» заң жобасы аясында Қазақстанда көміртегі егіншілігін дамыту мәселесі, сондай-ақ тиісті құзыретін пысықтау қаралады. Ал карбон егіншілігін дамыту бойынша тиісті жол картасын бекіту осы жылға жоспарланып отыр, - деп жазылған жауапта.

Жыл басында Үкімет басшысы Олжас Бектенов елімізде карбонды полигондар құрылатынын айтты.

Айта кетейік, бұған дейін карбон егіншілігі арқылы Қазақстанда жылына $35 млрд пайда табу мүмкіндігі бары жайлы жазған едік.

Соңғы жаңалықтар