Қазақстанда картельдерге қатысты тергеу жүргізу мерзімі ұзартылады - ҰЭМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда картельдерге қатысты тергеу жүргізу мерзімдері ұзартылатын болады. Бұл туралы бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстарған Ұлттық экономика вице-министрі Айдар Әріпханов мәлім етті.

Қазақстанда картельдерге қатысты тергеу жүргізу мерзімі ұзартылады - ҰЭМ

Оның айтуынша, заң жобасында қамтылып отырған өзгерістер бірқатар бағыттарды қамтитын болады. «Біріншіден, монополияға қарсы заңнаманы бұзу фактілеріне тергеулердің тиімділігін арттыру көзделеді. Бұл бағыт аясында заңнамаға «картель» ұғымы (баға мәмілелері бойынша) енгізіліп, оған сәйкес тергеулер жүргізу мерзімі «үш айға қосымша үш ай» қағидатына сәйкес ұзартылмақ. Бүгінгі күні бұл норма «екі айға қосымша екі ай» мерзімін құрап отыр. Мұндай қадам картельдер мен монополистерге қатысты күрделі істер бойынша айтарлықтай нәтижеге қол жеткізуге және тергеулердің сапасын арттыруға септігін тигізеді», - деді А.Әріпханов.

Оның айтуынша, тұтастай алғанда заң жобасы монополияға қарсы заң нормаларын жетілдіруге бағытталады. Бұдан бөлек, бұл сала Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің стандарттарына сәйкестендіріліп, монополияға қарсы органдардың мәртебесі нақты айқындалады әрі жұмыс тәртібі регламенттеледі.