Қазақстанда қаржы полициясының жоғары басшылық құрамы 85 пайызға жаңарды

АСТАНА. 28 желтоқсан. ҚазАқпарат - Кезектен тыс аттестаттаудың басталуы мен нәтижесінде қаржы полициясы органдарының жоғары басшылығы 85, орта буындағы басшылық құрамы 27, аумақтық қаржы полициясы бөлімшелерінің қатардағы құрамы 6,5 пайызға  жаңартылды. Бұл туралы бүгін брифинг барысында ҚР Экономикалық және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Андрей Лукин мәлім етті.

Қазақстанда қаржы полициясының жоғары басшылық құрамы 85 пайызға жаңарды

«Қаржы полициясы органдарының 69 басшы қызметкері, оның ішінде агенттік төрағасының орынбасарлары, агенттік аппаратының жетекшісі, орталық аппарат департаменттерінің, өңірлік департаменттің бастықтары мен олардың орынбасарлары, Қаржы полициясы академиясының бастығы ҚР Президенті жанындағы Жоғары аттестациялық комиссиядан сұхбаттасудан өтті», - деді ол.

Оның атап өтуінше, Жоғары аттестаттау комиссиясында сынақтан қаржы полициясының 20 жетекшісі, немесе 29 пайызы өте алмады, олардың 11 - жұмыстан босатылды, 8 -төмен лауазымдарға тағайындалды, 1 - басқа қызметке ауыстырылды.

Оған қоса, жыл басынан аттестаттауға дейін өздеріне жүктелген жұмысты сәйкес деңгейде атқармағандары үшін лауазымдарынан 37 қаржы полициясының жетекші қызметкері босатылды, оның ішінде Агенттік төрағасының 2 орынбасары, орталық аппарат департаменттерінің 6 бастығы, 9 аумақтық департаменттердің бастықтары және аумақтық департамент бастықтарының 20 орынбасары бар.