Қазақстанда кәсіби бағыт беру орталықтары құрылады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Премьер министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смаилов оқушылар мен студенттер арасында барлық деңгейдегі білім беру желілері арқылы кәсіби бағыт беру жұмысын күшейтуге қатысты депутат сауалына жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстанда кәсіби бағыт беру орталықтары құрылады

«Қазақстан Республикасында білім мен ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында кәсіби бағыт беру қызметін бірыңғайландыру шаралары қарастырылған. Оның ішінде мамандарды дайындау мен кәсіби білім беруді интернационалдандыру үдерісіне жұмысшыларды тарту да бар», - деді Ә. Смаилов.

Қарастырылған шаралардың қатарында, оқушыларға ерте жастан кәсіби бағыт беру, сонымен қатар мамандықтарды дәріптеу бойынша кең ауқымды жұмыс жасау бар. Одан бөлек, мемлекеттік бағдарламада «мектеп-колледж» кешенін құру бойынша жұмыстарды жалғастыру жоспарланған.

«Сондай-ақ, мемлекеттік бағдарлама аясында экономикаға қажетті кадрларды дайындауда серіктестердің қатысуын арттыру мақсатында елімізде мансап және кәсіби бағыт беру орталықтарын құру қарастырылған. Сол секілді түлектерге мамандық таңдауда көмекші құрал ретінде «Кәсіп навигаторы» атты мобильді қосымшасын әзірлеу жоспары да бар. Және аталған орталықтар жас мамандарды жұмыспен қамту мен мамандардың кәсіби бағытта дамуына бірлесіп әрекет етеді», - дейді Үкімет басшысының орынбасары өз жауабында.