Қазақстанда кәсіподақ институттары жаңғыртылады
АСТАНА. 20 шілде. ҚазАқпарат - «Кәсіподақ бірлестіктері туралы» жаңа заң кәсіби одақтардың, мемлекет пен бизнестің арасындағы әлеуметтік серіктестікті реттеуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Сәрсенбай Мыңбаев pm.kz сайтына барген сұхбатында.
«Кәсіподақтар туралы жаңа заң Қазақстандағы кәсіподақ қозғалысына жаңа серпін береді, сөйтіп, ол іс жүзінде жұмысшылардың мүдделерін қорғап, мемлекет пен бизнес өкілдерінің әлеуметтік серіктесі бола алады», - деді С.Мыңбаев.
ҚР КФ төрағасы орынбасарының айтуынша, кәсіподақтар туралы жаңа заңның қабылдануы - республикадағы кәсіподақтар қозғалысын жандандырудың қажетті шарасы болып табылады.
Сонымен қатар, Сәрсенбай Мыңбаев кәсіподақ федерациясының заңды қарайтын жұмыс тобының назарына ұсынатын бірнеше ұсыныстарын жария етті. Олардың негізгісі кәсіподақтар бірлестіктерінің рөлі мен міндеттерін нақты айқындау мәселесі.
«Біз бұл заңда кәсіподақтардың қоғамдағы рөлі мен орны, оның ішінде еңбек даулары мен таластарын реттеудегі рөлі нақты анықталады деп ойлаймыз. Сондай-ақ кәсіподақтардың құқықтары мен міндеттері, олардың жұмысшылардың әлеуметтік-экономикалық құқықтарын реттеудегі жауапкершілігі нақты көрсетілетін болады деп ойлаймыз», - деп атап өтті ҚР кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары.
Елбасы өзінің бағдарламалық мақаласында кәсіподақ институттарын жаңғырту қажеттілігі туралы атап көрсеткен болатын. С.Мыңбаев та өз сұхбатында кәсіподақ қозғалысын жаңғырту еңбек қатынастары мәселелерін орталықтандырылған түрде шешуге мүмкіндік беретінін айтып өтті.
ҚР кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары сондай-ақ, екінші тарап ретінде кәсіподақ қол қоятын ұжымдық келісімдер жасау қажеттігін баса айтты. Бұл аталған келісімдердің тиімділігін арттырады.
«Кәсіподақ бірлестіктері туралы» заңда кәсіподақтар мен жұмысшылардың жауапкершіліктері, сондай-ақ кәсіподақтың ұжымдық келісімдер арқылы жұмысшы құқығын қорғай алатындығы көрсетілуі қажет. Біздің ойымызша, бұл республикалық, өңірлік, салалық және кәсіпорындық деңгейде атқарушы органдар мен жұмыс берушілер және жұмысшылар үшін нақты жазылуы қажет», - деп қортындылады сөзін Сәрсенбай Мыңбаев.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысының «Қазақстанды әлеуметтік жаңғырту: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» мақаласында көрсетілген тапсырмаларына сәйкес, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі кәсіптік одақтар туралы заңнамаларға талдау жасауда. Жыл соңына дейін атқаратын қызмет түріне қарай кәсіподақ құруға, кәсіподақтардың құқықтары мен міндеттерін нақтылауға, бастауыш және салалық кәсіподақтар ұйымдарының әрекет деңгейі мен қызметтеріне жасалатын шектеулер мен реттеулерге бағытталған өзгерістер туралы Тұжырымдама ұсынылатын болады.