Қазақстанда кәсіпкерлерге арналған AI-навигатор іске қосылды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда бизнеске қойылатын заң талаптарын жасанды интеллект көмегімен анықтайтын жаңа цифрлық сервис пилоттық режимде іске қосылды, деп хабарлайды Ұлттық экономика министрлігі.
Жоба Мемлекет басшысының 2025 жылғы 8 қыркүйектегі «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан» Жолдауын іске асыру аясында қолға алынған.
Ұлттық экономика министрлігі мен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі «Кәсіпкерлік саласындағы міндетті талаптар тізілімі» пилоттық жобасын іске қосу туралы бірлескен бұйрыққа қол қойды.
Жаңа цифрлық сервис кәсіпкерлердің заңнамадағы өзекті талаптарды оңай әрі жылдам табуына мүмкіндік береді. Жүйенің негізінде қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерді автоматты түрде талдайтын жасанды интеллект алгоритмдері жатыр.
– Жасанды интеллект нормативтік құқықтық актілерді талдап, ондағы бизнеске қойылатын талаптарды анықтайды, ақпаратты жүйелейді және жаңартып отырады. Жобаның негізгі міндеті – кәсіпкерлерге түсетін әкімшілік жүктемені азайту, реттеудің ашықтығын арттыру және неғұрлым болжамды бизнес ортаны қалыптастыру, – делінген министрлік хабарламасында.
Заңнаманы автоматты түрде талдау кәсіпкерлердің белгілі бір қызмет түріне қатысты талаптарды өз бетінше іздеп, көптеген нормативтік құжаттарды зерттеуге жұмсайтын уақытын және ресурстарын қысқартуға мүмкіндік береді.
Міндетті талаптар туралы ақпарат құрылымдалып, кәсіпкерлерге қолжетімді форматта ұсынылады. Бұл бизнестің заңнама талаптарын жақсырақ түсінуіне және белгіленген нормаларды байқаусызда бұзу тәуекелін азайтуға бағытталған.
Сонымен бірге жүйе нормативтік құқықтық актілерге енгізілген өзгерістерді жедел бақылап, оларды кәсіпкерлік қызметте уақтылы ескеруге мүмкіндік береді.
Пилоттық жоба кәсіпкерлік қызметті реттеуді цифрландыру және мемлекет пен бизнес арасындағы өзара іс-қимыл сапасын арттыру құралдарының бірі ретінде қарастырылып отыр.
Қазіргі уақытта жаңа функционал бизнеске арналған цифрлық AI платформасында қолжетімді. Жақын арада сервис eGov Business порталында да іске қосылады.
Платформа әзірге пилоттық режимде жұмыс істейді. Осыған байланысты кәсіпкерлер сервисті жетілдіруге қатысты ұсыныстарын Ұлттық экономика министрлігінің Цифрландыру департаментіне жолдай алады.
Айта кетейік, жасанды интеллект мемлекеттік органдардың жұмысын екі есе жеңілдетеді.