Қазақстанда қатерлі ісікті емдеудің жаңа технологиясы енгізіліп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Астанадағы Ұлттық ғылыми онкология орталығында Орталық Азияда алғаш рет протондық терапияға арналған жабдық орнатылды. Бұл технология сәулені ісікке дәл бағыттап, айналасындағы сау тіндерге түсетін әсерді азайтуға мүмкіндік береді. 

2050 жылы қатерлі ісіктен болатын өлім 75%-ға артуы мүмкін
Фото: Pexels

Сонымен қатар Қазақстанның бірнеше өңірінде сәулелік терапияға арналған жабдықтар жаңартылып, онкологиялық ауруларды емдеу мүмкіндігі кеңейіп келеді.

Онкология саласындағы жаңалықтар Астанада өткен Best of ASCO Kazakhstan 2026 халықаралық ғылыми-білім беру конференциясында талқыланды. Жиынға 300-ге жуық дәрігер қатысып, қатерлі ісікті диагностикалау мен емдеудегі жаңа тәсілдерді талқылап жатыр. Конференция ертең де жалғасады.

Протондық терапия — сәулемен емдеудің заманауи түрі. Оның ерекшелігі — сәуленің негізгі қуатын ісік орналасқан аймаққа бағыттауға мүмкіндік беруі. Осылайша айналасындағы сау тіндерге түсетін сәулелік жүктемені азайтуға болады. Бұл технология кейбір науқастарды емдеуде маңызды болуы мүмкін. Дегенмен оны қолдану мүмкіндігі аурудың түрі мен ісіктің орналасуына байланысты анықталады.

Елімізде онкологиялық көмек көрсететін орталықтардың техникалық мүмкіндіктері де кезең-кезеңімен жаңартылып жатыр. Қазақстан онкологтар қауымдастығының президенті Диляра Қайдарованың айтуынша, соңғы екі жылда бірнеше қаладағы сәулелік терапия жабдықтары толық жаңарған.

Қазақстан онкологтар қауымдастығының президенті Диляра Қайдарова
Фото: Видеодан скрин

— Соңғы екі жылда Семей, Қостанай, Петропавл, Астана және Алматы қалаларындағы сәулелік терапия жабдықтары толық жаңартылды. Жақын арада Павлодарда жаңа үдеткіш орнатылады. Ал Қарағандыда науқастарға сәулелік терапия жүргізуге арналған жаңа жабдықты іске қостық, — деді Диляра Қайдарова.

Онкологияда емдеу тәсілдері де өзгеріп келеді. Химиотерапиямен қатар, ісік жасушаларындағы белгілі бір өзгерістерге әсер ететін нысаналы препараттар мен иммундық жүйенің қатерлі жасушаларға қарсы әрекетін күшейтетін иммунотерапия қолданылады. Мұндай ем түрлерін тағайындау кезінде ісіктің ерекшелігі мен науқастың жағдайы ескеріледі.

Қазақстанда иммунотерапияға арналған үш препарат емдеу хаттамасына енгізілген. Бұдан бөлек, нысаналы терапияға арналған 12-ге жуық препарат қолданылады. Алайда жаңа дәрілер химиотерапияны толық алмастырмайды.

Диляра Қайдарованың сөзінше, химиотерапия онкологиялық ауруларды емдеудегі негізгі тәсілдердің бірі болып қала береді. Ал нысаналы препараттар ісігінде белгілі бір мутация анықталған науқастарға ғана тағайындалады. Сондықтан емдеу әдісі әр науқасқа жеке таңдалады.

Мамандардың айтуынша, жаңа технологиялар мен дәрі-дәрмектерді енгізу онкологиялық көмектің мүмкіндігін кеңейтеді. Ал емнің нәтижесі аурудың түріне, сатысына және науқастың жеке ерекшеліктеріне байланысты.

Бұған дейін онкологияда дәрі-дәрмек қауіпсіздігін арттыратын жаңа жүйе енгізілгені туралы жазған едік.