Қазақстанда қауіпті ұйымдасқан қылмыстық топтар жоқ - Криминалдық полиция комитетінің төрағасы
АСТАНА. Қарашаның 23-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Қазақстанда криминогендік ахуалды шиеленістіретін қауіпті ұйымдасқан қылмыстық топтар жоқ.
Бұл туралы бүгін журналистермен болған брифингте Ішкі істер министрлігі Криминалдық полиция комитетінің төрағасы Сұлтан Күсетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
С.Күсетовтің атап көрсеткеніндей, жыл басынан бері 354 қылмыстық іс қозғалса, оның 30-ы - ұйымдасқан қылмыстық топ құрғаны, 5-уі бандитизм үшін болған.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР ІІМ ұйымдасқан қылмыстық топтарға қарсы күресті күшейтіп, соңғы 11 айда ұйымдасқан қылмыстық топтың 50 жетекшісі және 231 мүшесі, сондай-ақ қылмыстық ортаның 45 «беделдісі» қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
«Ұйымдасқан қылмыс желісі бойынша, іздеуде болған 26 қылмыскер ұсталды. Криминалдық беделділердің «ұрылар дәстүрін» қайта жаңғыртуға және криминогендік ахуалды күрделендіруге тырысқан әрекеттерінің жолы кесілді. Мәселен, осы мақсатты көздеп келген Ресейдің 4 «заңдағы ұрысы» қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Біреуі республика шекарасында ұсталып, елден тыс аумаққа шығарылды», дейді С. Күсетов.