Қазақстанда қай мемлекеттік органның баспасөз қызметі белсенді жұмыс істейді
Дәстүрлі бағамдау өлшеміне сай, Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі 10-орынға тұрақтады. Органның баспасөз қызметі болған оқиғаға орай жедел ақпарат таратуға барынша тырысып бағады. Былтыр Ақтөбе мен Алматыда болған террорлық оқиғадан жүргізілген операцияда халыққа шұғыл ақпарат беріп, жұрттың сауатты әрекет жасауына ықпал етті.
Өз салаларына қатысты болып жатқан оқиғаларға дер кезінде жауап беруге тырысатындардың бірі - Ұлттық экономика министрлігі. Олар ақпарат құралдарына спикерлер тауып беріп, материалдарының мазмұнды болуына үнемі мүдделі. Сондықтан да оларға 9-орын бұйырды.
Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің жұмысы ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіде жүйелі жарияланады. 8-орынға тұрақтаған әкімнің баспасөз қызметі соған қарағанда қазіргі қоғамда ақпараттық саланың қаншалықты маңызды екенін терең түйсінетін тәрізді.
Елдегі ең үлкен қала Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі 7-орында.
6-орын Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде.
Өз кезегінде үздік бестікті Парламенттің төменгі палатасының баспасөз қызметі қорытындылайды.
Ең белсенді жұмыс істейтіндердің қатарында бас қаланың баспасөз қызметі де бар. Астана әкімдігінің баспасөз қызметі 4-орынға орналасты. «Апта» бағдарламасының сараптама орталығы ең жақсы жұмыс істейтін баспасөз қызметі арасынан 3-орынға ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігін лайық деп тапты.
Екінші орында Қызылорда әкімдігінің баспасөз қызметі тұр. Орталықтан шалғайда жатса да, олар кез келген сауалға уақыт оздырмай дер кезінде жауап дайындап жібереді.
Ал, өзгелерге өнеге болатыны - Бас прокуратураның баспасөз қызметі. Сондықтан, олар 1-орында. Басты себеп, бұл мекеменің баспасөз орталығы тек қана БАҚ-пен емес, сонымен бірге, қалың бұқарамен де тікелей қатынас орнату мақсатында электрондық жүйені енгізе бастады.