Қазақстанда қай өңірдің тұрғындары шылымқор
АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл қаңтар-қыркүйекте еліміздің кәсіпорындары 13,5 млрд дана сигарет, сигар, шылым және басқа да ұқсас өнімдер шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Еnergyprom порталының мәліметінше, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 15 пайызға артық.
Есепте кезеңде ақшалай есептегенде 206,5 млрд теңгенің өнімі өндірілді.
2022 жылдың сегіз айының қорытындысында жергілікті компаниялар сигарет пен шылымға деген сұранысты (ішкі нарықта сату және экспорт) бір жыл бұрынғы 77,9 пайызбен салыстырғанда 60,1 пайыз қамтамасыз етті.
Импорттың үлесі - 39,9 пайыз. Елге 7,8 млрд дана сигарет пен шылым әкелінді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,7 есе көп.
Биыл екінші тоқсанда үй шаруашылықтарының темекі өнімдеріне жұмсаған шығыны 11,2 мың теңгеге жетті.
Бұл бір жыл бұрынғыдан 9,8 пайызға көп.
Елімізде Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары көп темекі шегеді: екінші тоқсанда облыстағы әрбір үй орта есеппен темекі өнімдеріне 19,5 мың теңге жұмсаған.
Одан кейін Павлодар (18 мың теңге) және Шығыс Қазақстан (17,7 мың теңге) облыстары тұр.
Қазан айының қорытындысында фильтрлі сигареттер бір жылда 16,4 пайызға қымбаттады.
Бағаның ең жоғары өсімі Шығыс Қазақстан (21,6%) және Ақмола (20,5%) облыстары мен Алматы қаласында (19,3%), ал ең төмен өсімі Алматы облысында (11%) тіркелді.