Қазақстанда қай салада жемқорлық ісі көп тіркеледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жиі тіркелетін салаларды атады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.  

Қазақстанда қай салада жемқорлық ісі көп тіркеледі

«Сыбайлас жемқорлыққа қатысты анықталған қылмыстың көбін әкімдік қызметшілері (718), ішкі істер органдарының қызметшілері( 323) мен квазимемлекеттік сектордың жұмысшылары (239) жасаған. Білім саласында (201), ауыл шаруашылығы (183), құрылыс (158), денсаулық сақтау (101) салаларында жемқорлық қылмысқа бару тәуекелдері әлі де жоғары болып тұр», - дейді Алик Шпекбаев ведомствоның алқа отырысында.

Агенттік төрағасының айтуынша, 2017 жылы жүйелі мінездемесі бар 108 жемқорлыққа қатысты қылмыс тіркеліп, 320 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Жалпы, Агенттік өткен жылы 1835 сыбайлас жемқорлыққа қатысты істің бетін ашқан. 5 ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетіне тосқауыл қойылып, қолға алынған шаралардың арқасында мемлекет қазынасына 14 млрд теңге қайтарылған. Қылмыстың басым көпшілігі - парақорлыққа байланысты (40 пайыз немесе 988) тіркеліп отыр.

«Жалпы, сыбайлас жемқорлыққа қатысты жалпы құны 15,8 млрд теңге шығын келтірген заң бұзушылық анықталып, бүгінге дейін ол соманың 88 пайызы, яғни 14 миллиард теңгесі қайтарылды. Мемлекеттік бағдарламарды жүзеге асыру барысында жасалған 400 жемқорлық қылмысы әшкере болды. Ол бағытта мемлекетке 5,3 миллиард теңгенің шығыны келтірілген. Бүгінгі таңда ол соманың 87 пайызы, яғни 4,6 миллиарды қайтарылды». - дейді Алик Шпекбаев.