Қазақстанда қай салаларға инвестиция көбірек салынады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда құрылыс саласына салынған инвестициялар 2,2 есеге артты. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстанда қай салаларға инвестиция көбірек салынады

«Ішкі және сыртқы инвестицияларды тарту экономикалық өсудің маңызды факторы болып қалып отыр. Бұл ретте өндіруші емес салалар инвестициялар бойынша тартымды бағыт болып сақталуда. Биылғы 10 айда негізгі капиталға инвестициялардың өсу қарқыны 2,5%-ды, оның ішінде тау-кен өндіру өнеркәсібін есепке алмағанда инвестициялардың өсу қарқыны 14%-ды құрады», - деді министр Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Оның айтуынша, инвестициялар, құрылыс саласында – 2,2 есеге, өңдеу өнеркәсібінде – 78,6%-ға, ауыл шаруашылығында – 41,9%-ға, саудада – 31,4%-ға, жылжымайтын мүлікпен операциялар саласында – 17,4%-ға және қаржы саласында – 12,1%-ға өсті.

Өңірлер арасында ең жоғарғы көрсеткіш Шымкент, Алматы қалаларында және Ақтөбе, Павлодар облыстарында байқалуда.

Бұған дейін министр биылғы 10 айдағы еліміздің экономикалық дамуын баяндаған еді.