Қазақстанда қайғылы оқиғалардан болатын өлім-жітім 23,1 пайызға төмендеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда қайғылы оқиғалардан, жарақаттану мен уланудан болатын өлім-жітім 23,1 пайызға төмендеді (1991 жылы 100 мың тұрғынға шаққанда 107,3-тен 2015 жылы 82,5-ке дейін). Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінен хабарланды.

Қазақстанда қайғылы оқиғалардан болатын өлім-жітім 23,1 пайызға төмендеді

Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының аясында жол-көлік жарақатын төмендету мақсатында Ішкі істер министрлігімен бірлесе отырып көліктік медицина құрылған болатын. Бұл ретте санитарлық авиация, жолдағы медициналық-құтқару бекеттері қамтылып отыр.

Санитарлық авиация қызметі 5 жылдың ішінде аймақтардағы ауыр халдегі емделушілерге 6,7 мыңнан астам ұшырылым жасады. Өмірге қауіп төндіретін көрсеткіштер бойынша 6 мыңнан астам науқас тасымалданып, 500 ота оқиға орнында жасалды.

«Республикалық маңызы бар жолдардың аса қауіпті учаскелерінде жолдағы 40 медициналық-құтқару бекеттері құрылды. 5 жылда жол-көлік оқиғалары орын алған жерлерге 4 мыңнан астам қызмет көрсетіліп, 12 мыңнан аса зардап шеккендерге, оның ішінде 800 балаға медициналық көмек көрсетілді», - деп атап өтілген ведомство мәліметінде.