Қазақстанда қайта өңдеу саласына инвестиция көлемі 42% өсті
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанда қайта өңдеу саласына салынған инвестиция көлемі бір жылда 42% артты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Еnergyprom-ға сілтеме жасап.
Порталда жарияланған мәліметтерге сәйкес, бүкіл өнеркәсіп секторының инвестициялық қоржынындағы өңдеу өнеркәсібінің салмағы 20%-ға жуықтаған. Қайта өңдеу секторына 8 айдың ішінде 745,9 млрд теңге инвестиция салынған. Бұл көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда 41,8%, (ал салыстырмалы бағалар бойынша - 29,7%) артық.
Капиталдық салымдардың 44,2%-ы жазда Қазақстанның республикалық маңызы бар үшінші қаласына айналған Шымкент қаласының үлесіне тура келеді.
Қайта өңдеу секторына инвестиция тарту бойынша көшбасшылар қатарында Қарағанды (9,9%) және Атырау (7,5%) облыстары да бар.
Секторда инвестициялар көлемінің артуынан тыс, қайта өңдеу саласының елдегі жалпы капиталдық салымдар көлеміндегі үлесі де артып келеді. Жиынтық инвестициялық қоржындағы қайта өңдеу саласының салмағы үстіміздегі жылдың қаңтар-тамыз айларында 11,7%-ды құрады. Былтыр бұл көрсеткіш 11% болса, мемлекеттік бағдарламалар аясында индустриалдық-инновациялық белсенді дамуға дейінгі 2010 жылы 7,5% айналасында ғана болатын.
Жалпы, үстіміздегі жылы өнеркәсіп секторына капиталдық салымдар үлесі былтырғымен шамалас - 19,4%. Сонымен қатар, қайта өңдеу сегментін белсенді дамытуға дейінгі 2010 жылы бұл көрсеткіш небәрі 13,3% деңгейінде еді.
Қайта өңдеу өнеркәсібінің басты инвестициялық магниттері - бензин және дизель, сондай-ақ мұнайды қайта өңдеуден алынған басқа да өнімдер мен кокс өндіру (капиталдық салымдардың 49,8%-ы), металлургия (20,4%) және азық-түлік өнеркәсібі (11,2%) болып отыр.
Осы үш инвестициялық тартымды сала секторға салынған жалпы капиталдың 80%-ын қамтиды.