Қазақстанда қаза тапқан лаңкестердің мәйіттерін туыстарына беруге тыйым салынды

АСТАНА. 5 қыркүйек. ҚазАқпарат - Үкімет қаулысына сәйкес ағымдағы жылдың 26 тамызынан бастап қаза тапқан лаңкестердің мәйіттері жерлеуге туыстарына берілмейді.

Қазақстанда қаза тапқан лаңкестердің мәйіттерін туыстарына беруге тыйым салынды

«Қылмыскер жасаған лаңкестік акті салдарынан, сондай-ақ, қылмыскер жасаған лаңкестік актіні бұлтартпау кезінде орын алған қазаның салдарынан тоқтатылған лаңкестік іс-әрекетке қатысуына байланысты қылмыстық қудалаудағы тұлғаларды жерлеу ережесін бекіту туралы» құжат ағымдағы жылдың 4 қыркүйегінде «Әділет» Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілер ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған.

«Қылмыскер жасаған лаңкестік акті салдарынан, сондай-ақ, қылмыскер жасаған лаңкестік актіні бұлтартпау кезінде орын алған қазаның салдарынан тоқтатылған лаңкестік іс-әрекетке қатысуына байланысты қылмыстық қудалаудағы тұлғалардың мәйіттері жерлеуге берілмейді және олар жерленген орын хабарланбайды», - деп атап өтілген қаулыда.

Қаулыға сәйкес, қаза тапқан лаңкестерді жерлеуді аудан, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық аймақ әкімдері ұйымдастырады. Құжатта, сондай-ақ, жерлеуді беймәлім адамдарды жерлеуге арналған бейіттерде салттық жора өткізетін бюро жүзеге асыратыны хабарланған.