Қазақстанда қазақ халқы болмаса, Қазақстан мемлекеті де болмас еді - жазушы Смағұл Елубай

АЛМАТЫ. Шілденің 22-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазақстаның ел бірлігі доктринасы өзінің үлкен тарихи, саяси, мәдени жемісін береді. Бұл туралы бүгін Алматыда өтіп жатқан "Қазақстанның ел бірлігі доктринасы - халықтың бірлігінің негізі" деп аталатын дөңгелек үстел жиынында айтылды,

 Қазақстанда қазақ халқы болмаса,  Қазақстан мемлекеті де болмас еді  -   жазушы Смағұл Елубай

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Доктринаның жалпыұлттық талқылауға түсуі нәтижесінде біз жалпыұлтқа ұнайтын, жалпыұлттық мүддені білдіретін, жалпыұлттық идеяны білдіретін, жалпыұлттық стратегияны білдіретін доктринаны қабыл алдық. Бұл сөзсіз өте қажетті құжат еді. Бұл доктрина үлкен тарихи, саяси, мәдени жеміс береді деп ойлаймын. Бұл үшін соны тудырған Қазақстан халқы жұмыла жұмыс істеуіміз керек деп білемін", дейді Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Смағұл Елубай. Доктрина жобасын әзірлеген жұмыс тобы мүшесінің айтуынша, ең алғашқы нұсқада әртүрлі пікір тудырған баптар болды. Оның кейбір баптары Қазақстандағы қазіргі ұлт патриоттарына ұнамады. Сондықтан да біздің билік бұл мәселеге обьективті қарады. Қазақстанда тұрып қазақ деген ұлыстың көңіл-күйін есепке алмау бұл өте қауіпті жағдай болар еді. Өйткені Қазақстанда қазақ халқы 300 жылға жуық отарлық саясатты бастан кешті. Қазақ халқы 70 жыл бойы тілі қазақ жерінде тұрып құрып кетуге жақын қалған халық болды.

"Қазақстанда қазақ халқы болмаса Қазақстан мемлекеті де болмас еді. Ендеше Қазақстан мемлекетінде қазақ тілінің бұндай келеңсіз мүшкіл халге жетуі бәріміз үшін де тарихи әділетсіздік болған болар еді. Егер тарихи әділеттілікті орнатқымыз келсе, біз Қазақстанда қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін қалпына келтіруіміз керек еді. Сонда ғана бұл мемлекетте ұлттық ұйысу, ұлттық гармония сөзсіз болады. Егерде Қазақстанда қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде кемшілік көретін болса, қорлық көретін болса, оны біз менсінбейтін болсақ оған қолымыз жетпейді. Тіпті кешегі советтік идеологияда тәрбиеленген, өз тіліне жоғарыдан қарауға тәрбиеленген қазақтардың, әсіресе қалада тұратын қазақтардың дені қазақ тілін менсінбейтін жағдайға келді", дейді Смағұл Елубай. Әйгілі жазушының сөзіне қарағанда, Қазақстандағы қазақ ұлт патриоттарының айғайы, ойбайы ешқашан өзге ұлт өкілдеріне бағытталған емес. Ол тек қана қазақ тілін менсінбейтін қазақтарға бағытталған. Соны түсінбейтін шенеуніктерге қарсы бағытталған. Қазақ тілін менсінбейтін қазақтар кешегі советік идеологиядан қалған өте қауіпті құбылыс. Ол ұлттың бойындағы кесел, ауру, сол аурудан қазақ халқы жазылмай Қазақстанда тыныштық болмайды. Сондықтан ұлт патриоттарының арманы алдымен қазақ халқын сауықтыру, рухани сауықтыру. Сонда рухани, саяси, дені сау мемлекет болады.