Қазақстанда қазақша Википедианы дамытатын ұйым құрылды

АЛМАТЫ. 16 маусым. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - 16 желтоқсанға дейін Википедиа ашық энциклопедиясындағы қазақша мақалалар саны 200 мыңға жетеді. Бұл үшін Қазақстанда «Wikibilim» атты арнайы қоғамдық қор құрылды. Бүгін Алматыда аталған қор өкілдері арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, болашақ жоспарларымен таныстырды.

Қазақстанда қазақша Википедианы дамытатын ұйым құрылды

«Ғаламтордан қазақ тілінде кез-келген салада мәліметтерді табу қиын. Арнайы қоғамдық қор құру арқылы біз осы мәселені шешуді қолға алғанды жөн көрдік. Басты мақсатымыз - қазақша википедиадағы мақалалар санын тез арада көбейту ғана емес, ең бастысы сапалы мазмұн түзу. Сонымен қатар еріктілерден құралған қазақша википедиашылар қауымдастығын қалыптастыру. Бұл қауымдастық википедиаға түрлі мақалалар салып, пікір алмасып, түзетіп, толықтырып отырады. Бұл арқылы жыл сайын қазақша контент көбейе бермек. Біздің жұмысымыз тек биыл жылдың аяғына 200 мың мақала қалыптастырумен шектелмейді. Біз қоғамға Википедианың пайдасын, мақсатын түсіндіруден, насихаттаудан жалықпаймыз. Біздің жұмысымыз басталған кезде қазақша Wikipedia-да 8,5 мыңнан астам мақала болған. Қазір күн сайын 500 мақала қосылып жатыр. Жалпы саны 25 мыңнан асты»,- дейді «Wikibilim» қоғамдық қорының құрылтайшысы Рауан Кенжеханұлы.

Оның айтуынша бұл мақсатты қоғам арасында кеңінен тарату үшін «Самрұқ Қазына» ҰӘҚ-ы мен «Нокиа» компаниясы бас демеушілік танытып отыр. Қазақша контентті көбейту үшін «Қазақ энциклопедиясы» да ықылас танытқан. Бүгін баспасөз мәслихатында Қазақ энциклопедиясының бас директоры Бауыржан Жақып осы уақытқа дейін жарық көрген энциклопедиядағы мақалаларды қазақша википедиаға беретіндіктерін жариялады. Ондағы жалпы мақаланың саны 40-45 мың көлемінде.

Баспасөз мәслихаты барысында қазақша Wikipedia жұмысын үйлестіруші сайт та таныстырылды. «www.wikibilim.kz сайты википедиаға мақала салуды, түзетуді, аударатын мақалалар туралы ақпараттарды беріп, қазақша википедиа жұмыстарын үйлестіріп отырады. Бұған дейін қазақ тіліндегі википедиа жұмысы дамыған жоқ. Көп адамдардың оны қалай қолдану туралы ақпараты жоқ. Сайттан қазақша википедиа жұмысы туралы барлық ақпаратты алуға болады»,- дейді Р.Кенжеханұлы. Ол сондай-ақ қазақша википедианы дамыту бір ұйым немесе бір мемлекеттің емес, жалпы қоғамның ісіне айналса деген ой білдірді.