Қазақстанда қазіргі заманғы сауда алаңдарының жетіспеушілігі проблемасы сақталып отыр
АСТАНА. Қаңтардың 19-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазақстанда қазіргі заманғы сауда алаңдарының жетіспеушілігі проблемасы сақталып отыр.
Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне сауда қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында Индустрия және сауда вице-министрі Тимур Жақсылықов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазіргі уақытта елімізде заманға сай сауда алаңдарының жетіспеушілігі әлі де өзекті проблема болып табылады. Бұның өзі сауда нысандары иелерінің, сауда нысандары мен жалдау ақысының қымбаттауындағы бәсекеге қарсы әрекеттеріне әкеп соғады әрі ақыр аяғында өткізілетін тауар құнына да әсер етеді», деді вице-министр.
Жалпы, Статистика агенттігінің мәліметтеріне қарағанда, халықтың сауда алаңдарымен, оның ішінде сауда нарықтарында қамтамасыз етілуі республика бойынша бір мың адамға 111,7 шаршы метрді құрайды. Ал бұндай ең аз қамтылу Қызылорда облысында - 48,8 шаршы метр, Оңтүстік Қазақстан облысында - 40 шаршы метр, Жамбыл облысында - 59,3 шаршы метрді құраса, ең жоғары қамтылу Шығыс Қазақстан облысында -186,6 шаршы метр, Астана қаласында - 198,7 шаршы метр және Алматы қаласында - 260 шаршы метрге тең. Салыстырмалы түрде алып қарағанда, қазіргі сауда алаңдары тұрғындарға Францияда 1 мың 450 шаршы метрді, польшада 350 шаршы метрді, Чехияда - 200 шаршы метрді құрайды.
Бұдан басқа, әлемнің көптеген елдерінде сауда алаңдарымен қамтамасыз етуге қатысты арнайы нормативтер қабылданған. Қазақстанда бұндай нормативтер жоқ.