Қазақстанда кедендік рәсімдеудің жаңа аймақтары салынады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда кедендік рәсімдеудің жаңа аймақтары салынады. Бұл туралы бүгін Дүниежүзілік кеден ұйымының еуропалық өңірінің кедендік қызметтері басшыларының конференциясында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев мәлім етті.

Қазақстанда кедендік рәсімдеудің жаңа аймақтары салынады

Өткен айдың соңында кедендік әкімшілеуді жеңілдету бойынша Премьер-Министрдің бұйрығы шыққанын еске салып өткен ол, оның аясында лицензия беру мерзімін қысқарту, шекаралық бақылау органдары қызметтерін оңтайландыру, сондай-ақ үдерісті автоматтандыру мен ақпараттық жүйелердің интеграциясы қамтылған.

«Біз аталған мәселеде түрлі елдердің алдыңғы қатарлы тәжірибесін зерделедік және қазіргі кезде кедендік рәсімдеудің жаңа аймақтарын салу бойынша құжатнама дайындалып жатыр. Егер де біздің қазіргі қолданыстағы нысандарға тоқталатын болсақ, олар кедендік аймақ арқылы тауарлардың жылдам рәсімделіп, өткізілуіне ықпал етпей отыр. Сондықтан да бұл мәселелердің барлығы тауарларды кедендік айқындау бойынша қызметтердің толық шоғырын ұсынуды, инфрақұрылымды жақсартуды, құрылысты, оның ішінде сапалы автожолдарды қарастырады»,-деді Б. Сағынтаев.

Осы ретте ол Ақтау портында кедендік рәсімдеу уақыты 12-15 сағыттан 2 сағатқа дейін қысқарғанын еске салды. Сонымен қатар бұндай жұмыстар «Қорғас» кедендік бекетінде де жүргізіледі.