Қазақстанда «кемелердің халықаралық реестрі» институты енгізіледі
АСТАНА. 20 наурыз. ҚазАқпарат - Елімізде «кемелердің халықаралық реестрі» институты енгізіледі. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көлік мәселері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша баяндаған Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев осылай мәлім етті.
«Бүгінгі таңда қазақстандық су көліктері, кемелер тек мұнай өнімдерін тасымалдайды. Құрғақ және паромдық жүктерді тасымалдаудың барлығы шетелдік компаниялар үлесінде тұр. Соған орай, паромдық паркті ұлғайту көзделеді. Отандық сауда флотының бәсекеге қабілетін арттыру үшін «кемелердің халықаралық реестрі» институты ұсынылады», - дейді министр А. Жұмағалиев.
Оның айтуынша, бұл арқылы отандық тасымалдаушылар салық және баж жеңілдіктеріне ие болады. Министрдің сөзіне қарағанда бүгінгі таңда жүзу қызметінің құрамында 2 мыңға жуық адам қызмет атқарса, соның ішіндегі Қазақстан азаматы 50 пайыздан аспайды. Ал командалық құрамдағылардың небәрі 28 пайызы ғана қазақстандықтар екен. «Кадр тапшылығы мәселесін шешу үшін білім беруді сертификаттау ұсынылады. Ал курсанттарды тәжірибеден өткізуді кеме иелеріне міндеттейтін боламыз», - деді А. Жұмағалиев.